Қазақстан, Алматы қ., Республика алаңы, 4

Алматы қаласы әкімінің тұрғындармен есептік кездесуі

Ардақты алматылықтар!

Құрметті кездесуге қатысушылар, әріптестер!

Бүгін Сіздермен қаламыздың өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуын қорытындылап, әрбір алматылық үшін маңызды мәселелерді талқылау мақсатында жыл сайынғы есептік кездесуде бас қосып отырмыз. Алматы қаласының жай-күйі қашанда ерекше бақылауда. Бүгінгі кездесуге Премьер-Министрдің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Ерболат Досаев алматылықтардың мәселелерімен жеке танысып, сұрақтарыңызға жауап беру үшін Астанадан арнайы келіп отыр. Елбасының тапсырмасына сәйкес Үкімет жанынан әлеуметтік қолдау тиімділігін арттыру мәселелері бойынша жұмыс тобы құрылғанын, оның басшысы Ерболат Асқарбекұлы екенін білесіздер. Осы жұмыс шеңберінде көпбалалы аналар мәселесіне ерекше көңіл бөлінбек. Кездесуімізге осы топтың мүшелері, Президент Әкімшілігінің, Премьер-Министр Кеңсесінің өкілдері, бірқатар орталық органдар басшыларының орынбасарлары қатысуда. Қазір көтерілетін сұрақтардың басым бөлігі әлеуметтік тұрғыдан ең бір аз қамтылған тұрғындарды қолдауға қатысты болмақ. Табысы аз және көпбалалы отбасылар жағдайы күн тәртібіндегі маңызды мәселе екені баршамызға белгілі. Жалпы, қазіргі таңда әлеуметтік жіктелу мен табыстың төмендеуі әлемнің көптеген елдеріне тән ахуал екендігін атап өту керек. Жер шарының түкпір-түкпірінде жұмыс орындары қысқаруда. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша 1 миллиардтан астам адам кедейшілікте өмір сүреді. Оның басты себептерінің қатарында бей-берекет көші-қон мен жұмыссыздықты, салықтың көбеюін, жалпы қаржылық дағдарысты атауға болады. Кейбір елдерде қартаю деңгейі жоғары болса, керісінше, басқа елдерде бала туудың көптігі де өз әсерін тигізуде. Нәтижесінде, әдетте жайбарақат жатқан бейбіт мекен болып көрінетін Еуропаны популистік ұрандарды жалаулатқан наразылық акциялары шарпыды. Жалпы, қоғамның әлеуметтік сұранысы артуда. Бұл бүкіл дүниежүзінде болып жатқан үрдіс және ол, өкінішке орай, Қазақстанға ықпал етпей қоймайды. Бұл жағдай әсіресе өмір сүру сапасы әдетте жоғары ірі қалаларға тән. Париж, Вена, Брюссель, Афина, Белград қалаларында орын алған жаппай наразылықтар полициямен қақтығыс, дүкендер мен банктерді қирату, көліктерді өртеу сияқты бұзақылықтармен қатар жүруде. «Әр таяқтың екі ұшы» болатыны сияқты мұндай бассыздықтар жұмыс орындарының, күнделікті салығын төлеп отырған бизнестің тоқтауына, түп аяғында экономиканың құлдырауына әкелуде. Осылайша елдің шырқы бұзылып, мемлекеттер өз міндеттерін орындау қабілетін жоғалтып жатқанын көріп отырмыз. Яғни, асыра сілтеп, орынсыз айқай-шуға жол беру, шектен шығып, жаға жыртысу – мәселені шешпейді, керісінше, ушықтырады. «Ынтымақты елдің күні шуақты» деп дана халқымыз айтқандай, барлық сұрақтарды бірлесе отырып, сындарлы, салиқалы түрде шешуіміз қажет. Өздеріңізге белгілі, біздің халқымыз қиын замандарды басынан өткерген. 30-ыншы жылдардағы ашаршылықта 2 миллион қазақтан айырылдық. Жарты миллионға жуық азаматымыз екінші дүниежүзілік соғыста опат болды. Бала әкесіз, әйел жарсыз қалған нәубет заман болды. Біздің аға буын осынау қилы кезеңдерді де, 90-ыншы жылдардың ауыртпалығын да еңсере білді. Қиыншылыққа мойымай, Елбасының басшылығымен ұрпақты аяқтан тұрғызып, экономиканы дамытты. Сондай замандарда бізді ынтымағымыз бен бірлігіміз, ең алдымен алтын құрсақ аналарымыздың төзімі сақтады. Белгілі демограф Мақаш Тәтімовтің сөзіне жүгінсек, «Елді қилы заманнан өткерген батырлар емес, аналар, әйелдер». Бұл әйел азаматтарға тән еңбексүйгіштіктің, елдің ішкі ынтымағының, өзара сыйластықтың арқасында ғана мүмкін болды. Елбасы Тәуелсіздігімізді алып беріп, бірлік пен келісімнің арқасында барлық қиыншылықтарды ешқандай кикілжіңсіз, қантөгіссіз артта қалдырдық. Ол – Ақиқат! Яғни, «Тірлік – тек бірлік бар жерде болады». Сондықтан қазір де барлық қиындықтардан бірлесе өтіп, кез-келген сынақты байыппен ғана еңсере аламыз. Қазіргі таңда әлеуметтік желілер арқасында қоғамдағы барлық мәселелер, оның ішінде жақсы істер де, қайғылы оқиғалар да, «біреудің тоңып, енді біреудің тойып секіргені» де ел назарында. Ертеректе, интернет атаулы болмаған заманда халық мұндайды көбіне білмейтін, бұлай жаппай талқыламайтын. Бүгінде қай ақпарат болмасын әп-сәтте баршаға аян. Әлеуметтік желілер халықтың көңіл-күйі мен қоғамдағы мәселелердің айнасына айналды. Көріп отырғанымыздай, мұның жақсылығымен қатар сын-қатерлері де жоқ емес. Біз әлеуметтік желілердің мүмкіндіктерін халықпен жедел «байланыс орнатуда» пайдаланып келеміз. Өткен жылы интернет арқылы тікелей «Нұр Отан» фракциясына, мәслихат депутаттарына, Қоғамдық кеңеске, «Open Almaty» қоғамдық қабылдауына жалпы 197 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Байыптап қарасақ, олардың барлығы да қаламызда қандай мәселеге көңіл бөлу керектігінен өзінше нақты хабар беруші құрал. Осындай өтініштерді ескерудің арқасында қала бюджеті сарапталып, қажетінше қайта қаралып отырады. Қаржы тек нақты мәселерді шешуге бағытталады. Нәтижесінде, қоғамдық көлікке қатысты шағымдар осы күндері 5%-ке, көгалдандыру мен көше тазалауға, сондай-ақ пәтер иелері кооперативтеріне қатысты шағымдар 27%-ке азайды. Дегенмен, әлгінде айтқанымыздай, әлі де шешімін таппаған мәселелер жетерлік. Сондықтан біз тұрғындардың мұқтаж топтарының негізгі мәселелері бойынша нақты іс-шаралар кешенін әзірледік. Бірқатар көпбалалы аналар жергілікті жұмыс тобының құрамына енді. Күні кеше мен олармен кездестім. 2 сағаттай сөйлестік, мазмұнды отырыс болды. Анық айтарым - сындарлы ұсыныстардың қайсысы болсын ескерусіз қалмайды. Бүгін сол аналардың бірқатарын – Рәзия Серікханқызын, Іңкәр Жанәділқызын, Гүлмира Құдайбергенқызы мен Аида Талғатбекқызын және басқаларын осы залдан, алдыңғы қатардан байқап отырмын. Жалпы, тек соңғы екі аптада қалада ондаған кездесу өтіп, оларға 600-денастам ана қатысты. Айта кететін жайт - олардың жартысынан көбі Алматы қаласында тіркеуде жоқ еліміздің басқа өңірлерінен, әсіресе Жамбыл және Түркістан облыстары мен Шымкент қаласынан келген азаматшалар. Тағы бір бөлігі қала маңының, яғни облыстың тұрғындары. Біз іле-шала өңірлердегі әріптестерімізбен байланысып, оларға бізге келген аналардың адрестерін, байланыс мәліметтерін жолдадық. Олар да тиісті кездесулер өткізуде. Жалпы, кездесулер қорытындысы бойынша жүздеген ұсыныс пен өтініш жинақталды. Жергілікті жұмыс тобы оларды сараптап, мағынасына қарай топтастырды. Проблемалық мәселелер қатарындағы ең маңыздылары – тұрғын үй, коммуналдық қызметтерді төлеу, жәрдемақы көлемін арттыру, оқу және жұмысқа орналастыру. Барлық ұсыныстар, оның ішінде атаулы әлеуметтік көмек көрсету методикасы мәселесі Үкімет жанындағы жұмыс тобына қарауға жолданды. Жақын уақытта тиісті шешім қабылданбақ. Дей тұрғанмен, әкімдіктердің де өз мүмкіндіктері жоқ емес. Сондықтан, мәселені ысырып қоймай, біз қалалық деңгейде тұрғын үй, жұмысқа орналастыру мен оқыту, балабақша мен бір реттік төлемдерді жергілікті бюджеттен арттыру бойынша жаңа айтылған шаралар кешенінде қамтыдық. Осыдан тура бір апта бұрын «Нұр Отан» партиясының қалалық конференциясында көпбалалы отбасыларды қолдауға бағытталған нақты бастамалар легі жарияланған болатын. Елбасы тапсырмасына сәйкес, «Нұр Отан» фракциясының депутаттары тарапынан бюджет қайта қаралды. Басымдыққа ие емес шығындар – бірқатар нысандар құрылысы, көшелерді көгалдандыру сияқты жұмыстар қысқартылды. Мемлекеттік сатып алуды ашық, жариялы түрде жүргізу есебінен шығындар едәуір азайтылып, нәтижесінде 6 миллиард теңгеге жуық қаражат үнемделді. Әрине, аспаннан түсіп жатқан ақша жоқ. Бұлардың барлығы алматылық салық төлеушілердің қаржысы. Айналып келгенде біз қаланы абаттандыруға жұмсалмақ қаржыны әлеуметтің қазіргі қажетіне бұрмақпыз. Тұрғындардың қайбір мұқтаждығына қаржы жұмсайтын болсақ, қоғамның тағы басқа қажеттілігін кейінге қалдыруымызға тура келеді. Мейлі ол мектеп болсын, мейлі басқа да нысан болсын. Бұл – заңдылық. Өздеріңізге белгілі, осыдан 6 жыл бұрын Елбасының тапсырмасымен партия халықтың барлық топтарын қамту мақсатында арнайы әлеуметтік жобаларды қолға алды. Алматыда жаңа бастамаларды іске асыруда біз осы тәжірибеге сүйенеміз. Мәселен, «Кедергісіз келешек» жобасы бойынша ерекше қажеттілігі бар адамдар кешенді қолдау шараларымен қамтамасыз етіледі. Өткен жылдың өзінде 1000-нан астам мүмкіндігі шектеулі жандар жұмысқа орналастырылып, шамамен 2,5 мың әлеуметтік нысандар мен көліктер мүгедектер үшін бейімделді. Мүгедек жандардың барлық санаттарына арналған қолдау 2015 жылғы 2,4 млрд. теңгеден биылғы жылғы 4,2 млрд. теңгеге, яғни 1,8 миллиардқа артты. Жас Отандықтар жүріп-тұруы қиын азаматтар үшін жайлы болсын деп 250 мыңнан астам объектіге паспорттау жұмысын жүргізді. Көптеген көшелер мен саябақтар көпбалалы аналар үшін қолайлы демалыс ортасы ретінде жаңғыртылды. Өткен жылы «Нұр Отан» партиясы қалалық прокуратурамен бірлесіп «Айқын тариф» жобасының аясында коммуналдық тарифтерге тексеру жүргізді. Нәтижесінде монополистер Алматы тұтынушыларының 4,3 млрд. теңге қаржысын қайтарып беретін болды. Қазірдің өзінде 2,7 млрд. теңге қайтарылып, қалған 1,5 млрд. теңге 1 тамызға дейін толық орнына қойылатын болады. Бүгінгі таңда «Жастар-Отанға!» және «Сәтті қадам» жобалары кеңінен таралған. Базарларда, мешіт маңдарында, авто және теміржол вокзалдарында «мобильді жұмыспен қамту орталықтарының» жұмысы ұйымдастырылды. Университеттер мен колледждердің 1 мыңнан астам түлектеріне арналып жастар тәжірибесі қаржыландырылуда. Нәтижесінде 19 мың жас жұмысқа орналастырылып, жастар арасындағы жұмыссыздық алғаш рет 7,4%-тен 6,4%-ке дейін төмендеді. Елбасы 2019 жылды – жастар жылы деп жариялады. Ал Алматы – жастар қаласы. Мұнда еліміздегі әрбір үшінші студент білім алады, креативті жастар еңбек етеді. Алматының қолайлылығы еліміздің барлық өңірлерінен жастарды тартуда. Сондықтан да белсенді жастардың сапалы білім алуына, лайықты жұмыс табуына қажетті жағдай жасау бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Қазіргі таңда Алматыда 93 мың өзге өңірлердің студенттері білім алса, олардың үштен бір бөлігі жатақханаға зәру. Осыған байланысты, Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасы» аясында алдағы 2 жылда 20 мың орынға шақталған 42 жатақхана тұрғызуды жоспарлап отырмыз. Бүгіннің өзінде 4 жатақхана пайдалануға берілді. «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында партиялықтар ардагерлерге азық-түлік, дәрі-дәрмекпен көмектесіп, үйлерін жөндеп, тазартып, оларға қолдан келгенше құрмет көрсетуде. Жеңіс күніне орай Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне және Ауғанстаннан әскердің шығарылуына 30 жыл толуына байланысты ауғандық жауынгерлерге төлемақыға барлығын қосқанда 400 млн. теңге қаражат бөлінді. Өздеріңіз білесіздер, Алматыда қарт адамдар үлесі 12%-тен астам. Сондықтан, өткен жылдан бастап Қазақстанда алғаш рет «Белсенді ұзақ өмір» қалалық бағдарламасы іске қосылды. Бір жылдың ішінде 2 мыңнан астам егде жастағы қала тұрғындары Белсенді ұзақ өмір сүру арнайы орталығында және аудандық клубтарда спортпен шұғылданып, бір-бірімен араласып, компьютерлік сауаттылықтарын ашу үстінде. Бұл тәжірибе өзінің оң нәтижесін көрсетіп отыр. Енді осыған ұқсас көпбалалы отбасыларға арналған «Бақытты отбасы» қалалық кешенді бағдарламасын партия фракциясының ұсынысы бойынша іске қоспақпыз. Өткенде айтылғандай, бұл бағдарлама аясында 7 бағыт бойынша 13 нақты шара қарастырылған. Бірінші. Институционалдық шаралар Бүгінгі таңда қаламызда 14,5 мың көпбалалы отбасы тіркелген, оның үштен бір бөлігі, яғни 5561-і – әлеуметтік аз қамтылғандар. Көптеген аналар қиын жағдайларда кімнен көмек сұрарын білмей дал болатыны рас. Бір бөлігінің туған-туысқандары жанында болмаса, енді бірінің қасында сүйенер ер азаматтары да жоқ. Осыған байланысты, заңгерлік және психологиялық кеңес беретін, жәрдемақы алу бойынша өтініш толтыруға, жұмысқа орналасуға және қосымша оқуға көмек беретін «бір терезе» қағидаты бойынша арнайы орталық ашпақпыз. Орталықта жұмыс жасауға көпбалалы аналардың өздері тартылмақ. Мысалы, кеше менімен кездескен көпбалалы аналардың қатарынан Танашева Гаухарды атап өтуге болады. Тәрбиелеп отырған 8 баласының 5-еуін асырап алған Гаухар замандасымыз мемлекеттік емес ұйымды басқарып, қоғамдық салада да белсенді қызмет етіп отырған жан. Осындай аналарға ыңғайлы ету үшін орталықта шағын-балабақша да ұйымдастырылатын болады. Біз қажетті ғимаратты қала орталығынан тауып қойдық. Демеушілерді тартып шұғыл арада шағын жөндеу жұмыстарын жүргізсек, Ана орталығының жұмысын тез бастап кетуге болады. Жалпы, айта кететін жайт - Алматы еліміздегі үкіметтік емес ұйымдардың басым бөлігі орналасқан, азаматтардың белсенділігі жоғары қала. Қоғамдық ұйымдардың қызметін қаржыландыру көлемі жағынан да Алматы алғашқы орында. Тек өткен жылдың өзінде 2 миллиардқа жуық қаржыға 90-нан астам түрлі әлеуметтік маңызды жобалар іске асырылған. «Ана орталығының» қызметі «Белсенді ұзақ өмір» орталығы сияқты нақты тәжірибеге сүйене отырып жолға қойылатын болады. Екінші. Тұрғын үй көмегі «Үйі бардың, күйі бар» дегендей, баспана, шаңырақ дегеніміз отбасымен тығыз байланысты ұғым. Өткен жылы қалада 2 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салынды, бұл 2017 жылға қарағанда 100 мыңға артық. Бұл еліміз бойынша пайдалануға берілетін тұрғын үй көлемі жағынан Астанадан кейінгі үлкен көрсеткіш. Осы ретте, Елбасы бастамасымен жүзеге асырылып келе жатқан мемлекеттік бағдарламалар аса маңызды рөл атқаруда. Мәселен, «Нұрлы Жер» бағдарламасы бойынша өткен жылы 4725 пәтер үлестірілді. Оның ішінде 1400 пәтер 7-ден 13 млн. теңге көлемінде жеңілдетілген несиемен кезекте тұрғандарға берілді. «7-20-25» бағдарламасы аясында Алматы қаласында 2 мың өтініш қабылданған. Бұл Қазақстан бойынша келіп түскен өтініштердің 4-тен 1-ін құрайды. Қазіргі уақытта олардың жартысы мақұлданды. Жалпы, 3 жылда өз кезегімен 10 мыңнан астам отбасы баспаналы болды. Оның ішінде 1356 пәтер қалалық тұрғын үй қорынан бөлінген. 8 мыңнан астам пәтер жеңілдетілген несие бойынша берілді. Пәтер алғандардың 40%-ке жуығы әлеуметтік аз қамтылған жандар, яғни 2375 пәтер көпбалалы және жалғызбасты отбасыларға, 564-і мүмкіндігі шектеулі жандарға, 345-і жетім балаларға, 165 пәтер зейнеткерлер мен ардагерлерге берілді. Соған қарамастан, үйге кезек күткен алматылықтардың саны 22 мыңнан астам. Олардың жартысы әлеуметтік мұқтаж топқа жатады. Сондықтан да біз ең алдымен халықтың осы бөлігіне көмектесетін боламыз. Біз барлық тізімге тағы да талдау жүргіздік. Бүгінгі күні кезекте көбісі тіпті алғашқы жарнаны төлей алмайтын 1276 көпбалалы және жалғызбасты отбасы тұр. Осындай жанұялар үшін Алматыда «Бақытты отбасы» атты арнайы әлеуметтік тұрғын үй бағдарламасын іске қосуды ұйғардық. Яғни бұл санаттағы тұрғындарды жалпы кезектен бөліп алып, жеке көмектесетін боламыз. Нақты айтсақ, алғашқы жарна пәтер құнының 10%-тін құрайды, несие 2%-пен 18 жылға берілетін болады. Ал алғашқы жарнаны төлеу үшін 1 млн. теңге сомасында тұрғын үй сертификатын қала бюджеті есебінен бермекпіз. Мұндай қаржыға құны 15 млн. теңгеден аспайтын, жаңадан салынған үйлердің шағын көлемді пәтерлерін сатып алуға болады. Ағымдағы жылы осындай 500-ден астам пәтерді Алатау және Наурызбай аудандарында пайдалануға беру күтілуде. Барлығы 1276 отбасыға осындай пәтер алу үшін 12 млрд. теңге қажет. Өздеріңіз білетіндей, соңғы екі жылда «Алматы Жастары» тұрғын үй бағдарламасын сәтті іске асырдық. Жас отбасыларға 5%-тік мөлшерлемемен құны 10 млн. теңгеге дейін 238 пәтер берілді. Яғни бізде нақты тәжірибе бар. Қазіргі уақытта «Бақытты отбасы» бағдарламасын қаржыландыру үшін 12 млрд. теңгенің жартысы – 6 миллиардты бөлу бойынша Тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен жұмыс жүргізілуде. Нақты айтқанда, осы жылы тек пәтерлерді беруге ғана жергілікті бюджеттен 3,6 млрд. теңге қарастырып отырмыз. Ескі, жарамсыз тұрғын үйлердің орнына жаңа үй салу бағытында қосымша мүмкіндіктер де бар. Осы жолмен мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында бес жылдың ішінде шаршы метрі 250-300 мың теңге болатын 23 мың пәтер салу жоспарлануда. Әкімдік тарапынан инженерлік желі мен жолдарды жүргізсек мұндай бағаға қол жеткізу әбден мүмкін. Тұрғын үй – өте күрделі мәселе, барлық мұқтаж азаматтарға әкімдік бірден көмектесе алмайды. Оны түсіну керек. Сондықтан, заң шеңберінде ең алдымен аса мұқтаж жандарға қолдау көрсетілетін болады. Үшінші. Жұмысқа орналастыруға көмек беру. Жұмыстың болуы – кез-келген отбасының игілігі үшін маңызды мәселе. Егер адамның жұмысы мен жақындарының қолдауы болса, ол өмірдің кез келген қиындығын жеңеді. Елбасының тапсырмасымен елімізде 2017 жылдан бастап «Еңбек» бағдарламасы іске асырылуда. Жұмыс таба алмай жүрген, мамандығы мен тәжірибесі жоқ адамдарға Жұмыспен қамту орталығы көмектеседі. Өткен жылы қалада барлығын есептегенде 32 мың адам жұмысқа орналастырылды. Жұмыс берушілерге бюджеттен жалақы төлеуге адам басына 63 мың теңге мөлшеріндесубсидия бөлінеді. Өткен жылы осылайша қоғамдық және әлеуметтік жұмыстарға 4200 адам, жастар іс-тәжірибесіне 1300 адам жіберілді. Ал, осы жылы «Бақытты отбасы» бағдарламасының шеңберінде көпбалалы отбасыларға басымдық бере отырып қаражат көлемін 30%-ке, адам санын 2300-ге көбейтеміз. Олардың 1200-і жоғары оқу орындары мен колледждердің түлектері. Сонымен қатар, әйелдер кәсіпкерлігі сияқты бағытты да қолдау маңызды. Кеше кездесу барысында көпбалалы аналар бұл сұрақты көтерді. Осы тұста «Еңбек» бағдарламасы аясында былтырғы жылы берілген микронесиелердің 40%-інің әйел азаматтарға тиесілі екенін айта кеткен жөн. Кейбір көпбалалы аналар, атап айтсам, Ақмарал Бакирова, Рәзия Бақыбекова сияқты азаматшалар кәсіпкерлікпен шұғылданады, айтарлықтай тәжірибеге ие. Осыған байланысты мен қалалық «Жібек жолы» бағдарламасы аясында әйелдер кәсіпкерлігін қолдау тетіктерін қарастыруды тапсырамын. Бұл бағдарламаға біз жыл сайын 4 млрд. теңге қаржы бөліп отырмыз. Төртінші. Білім алуға көмек беру. Жұмыспен қамту орталықтары жоғары білімі мен кәсібі жоқ азаматтарды оқуға жібереді. Өткен жылы оқумен қамтылатындар саны 1000 адамды құраған болса, биылғы жылы «Бақытты отбасы» бағдарламасының аясында бұл көрсеткішті 2 есе арттырамыз. Олар тегін оқып, 16 мың теңге көлемінде шәкіртақы алатын болады. Қаламызда ата-аналар мемлекеттік бақшаларға балаларын тегін жіберіп, тек 18 мың теңгені тағамдану үшін төлейтінін білесіздер. Қалған 27 мың теңгені мемлекет қаржыландырады. Өткен жылдың өзінде балабақшалардағы 51 мың орынға мемлекеттік тапсырыс бойынша 16 млрд. теңге бөлінді. Биыл бұл сома өткен жылмен салыстырғанда 1,8 млрд. теңгеге артпақ. Дегенмен, табысы төмен көпбалалы отбасында екі немесе одан да көп бала бақшаға баратын болса – бұл ондай отбасына ауыр тиетіні белгілі. Осыған байланысты «Бақытты отбасы» бағдарламасының аясында мұқтаж жанұялар екінші баладан бастап балабақшаға мүлдем тегін апару мүмкіндігіне ие болмақ. Ұзын саны – 710 бала. Бүгінгі күні аз қамтылған отбасыларда тәрбиеленетін 14 254 балаға мектептерде ыстық ас, 3475 балаға – мектеп формасы мемлекет есебінен төленсе, 2333 балаға қаржылай көмек және 4050 балаға жазғы лагерьлерге жолдама беріледі. Бұған қоса біз «Бақытты отбасы» бағдарламасының аясында әлеуметтік аз қамтылған отбасылардағы үздік оқитын балаларға стипендия төлеуді ұйғардық. Бұл баланы білім алуға талпындырады. Университеттер мен колледждердің студенттеріне – айына 10 мың теңгеден, мектепте оқитын балаларға көмек ретінде 5 мыңнан төленбек. Айта кетсек, биылғы оқу жылында елімізде бөлінген бүкіл гранттың 40%-ті, яғни 27 мыңы Алматыға бұйырды. Грантпен оқитындардың барлығы стипендия алатыны белгілі. Ал біздің айтып отырғанымыз – көп балалы отбасынан шыққан, ақылы негізде оқыса да үлгерімі үздік студенттерге берілетін үстеме ақы. Бұл отбасы үшін қосымша табыс көзі екені сөзсіз. Бесінші. Жыл сайынғы әлеуметтік төлемдер. Тұрмысы төмен азаматтар бюджеттен бүгінде тұрақты түрде төлемдер мен жәрдемақылар алады. Мәселен, Алматы қаласының бюджетінде 2019 жылға 2 млрд. теңгеге 24 мың адамды қамтитын тұрақты сипаттағы 11 әлеуметтік жәрдемақы қарастырылған. Ай сайын тұрмысы төмен отбасыларға коммуналдық қызметтерді төлеу үшін тұрғын үй көмегі көрсетіледі. Егер бұрын бұл көмекті 2600-ден астам отбасы алып келсе, «Бақытты отбасы» бағдарламасының аясында биыл төлемақының жалпы мөлшері 2 есеге дейін ұлғаймақ. Осылайша, біз бұрынғыға қарағанда адам санын 30%-ке көбейтіп, 3 мың отбасына дейін қамти аламыз. Үйде білім алатын 800 ерекше қажеттілігі бар балаға мектеп оқулықтарын сатып алуға жыл сайын 22 мың теңгеден төленеді. Бұл төлем осы жылдан бастап 30%-ке, яғни 30 мыңға дейін көбейетін болады. Алтыншы. Біржолғы төлемдер. Алматыда өмірдің қиын жағдайына тап болған адамдарға біржолғы жәрдемақылар төленеді. Бұл асыраушысынан айрылған, мүгедек болған, зорлық-зомбылықтан, өрттен, су басудан, басқа да төтенше жағдайлардан зардап шеккен адамдар үшін. Былтыр 4,3 мың адам осындай көмек алды. Осы жылдан бастап төлемдер мөлшері 2 есеге – 25 мыңнан 50,5 мың теңгеге дейін артатын болады. Сондай-ақ бағаның өсуіне байланысты коммуналдық есептеуіштер орнату үшін тұрмысы төмен отбасыларға төлемдер мөлшері 70%-ке, яғни 8,5 мың теңгеге дейін көбейді. Жетінші. Алматылықтардың қайырымдылық көмегі. Алматыда қайырымды жандар өте көп. Әкімдікке хабарласып, әсіресе мерекелер қарсаңында мұқтаж жандардың мекенжайын сұрайтындар бар. Көптеген бизнесмендер, мәслихат депутаттары мен қала тұрғындары мұқтаждарға материалдық көмек көрсетеді, көбіне осы әрекетін жария етпеуге тырысады. Өздеріңіз хабардар болғандай, бір апта бұрын өткен «Нұр Отан» партиясының қалалық фракциясының бастамасымен көпбалалы отбасыларға көмектесу үшін «Бақытты отбасы – Алматы» қоғамдық қоры құрылды. Бір күн ішінде Алматының кәсіпкерлері тарапынан қорға 35 млн. теңге жиналды. Ең алғаш болып осы қордың қоржынына қаржы бөлген белгілі кәсіпкерлердің қатарында Мәслихаттағы «Нұр Отан» фракциясының төрағасы Мұрат Әділхановты, Қайрат Құдайбергенді, Зиядин Касановты, Вячеслав Банщиковты, Мұхит Әзірбаевты, Долкунтай Абдулхалилді, Ерболат Қасымовты, Мұрат Алчимбаевты және басқа да азаматтарды атап өтуге болады. Күні кеше Вячеслав Банщиков Атаниязова Жанат есімді алты баланың анасына көмектесіп, қатерлі ісікпен ауырған баланы емдеуге алған 1,7 миллион теңге қарызын өтеді. Мен осы азаматтарға үлкен алғыс білдіре отырып, олардың қатары күн сайын артатынына күмәнім жоқ дегім келеді. Бұдан өзге Алматы қаласы әкімдігі, полиция, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Төтенше жағдайлар департаментінің және көптеген мемлекеттік ұйымдардың қызметкерлері біркүндік еңбекақысын аудару туралы шешім қабылдады. Мемлекет заң бойынша көмектесе алмайтын жағдайлар болады. Оны бәріңіз білесіздер. Мысалы, несие алып, уақытында төлей алмаған, сондықтан қолайсыз несие тарихы барлар тұрғын үй бағдарламаларына қатыса алмайды. Немесе күтпеген жерден туындаған өмірдің қиындықтарына байланысты уақытша жұмысқа жарамсыз, отбасын асырай алмай жүрген жандар да жоқ емес. Осындай әрбір қиын жағдай нақты және ашық қаралып, қор тарапынан мүмкіндігінше көмек көрсетілетін болады. Қордың жұмысы көпбалалы аналар өкілдерінің, журналистер мен «Нұр Отан» партиясы депутаттарының, бүгін осы залда алдыңғы қатарда отырған Сәуле Әбелдеханқызы сияқты әлеуметтік қорғау мәселесіндегі белсенділігімен танымал жандардың қатысуымен Қадағалау кеңесінің тұрақты бақылауымен бір жүйеге қойылатын болады. Қорытындылай айтсақ, «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында қаламызда жалпы 7 мыңнан астам адам әлеуметтік қолдаумен қамтылмақ. Яғни, 1276 отбасы жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама бойынша пәтер алу мүмкіндігіне ие болады. 2 мың адам оқытылып, қосымша 2300 тұрғын жұмысқа орналасады. Кемінде 710 бала бақшаға тегін барады. 1950 мектеп оқушысы, 385 колледж студенті, 1461 жоғары оқу орындарының студенті үстеме шәкіртақы мен көмек алатын болады. 13шараның 8-іне ертең өтетін Мәслихат отырысында 3,5 млрд. қаржы қарастырылатын болады. Ал қалған 5 шараға заң шеңберінде алдағы бір ай ішінде тиісті қаржы бөлінбек. Жалпы барлығына бюджеттен қосымша 5,5 миллиард теңгеден астам қаржы қарастыру көзделген. Мұқият ескеретін бір мәселе - көпбалалылар мен әлеуметтік мұқтаждарғаарналған шаралардың қайсысы болсын кіріс мөлшері адам басына шаққанда айына 30 мың теңгеден төмен жандарға ғана арналатынын атап өту керек! Бәзбіреулер үлгі тұтатын батыстың бірқатар елдерінде көп балалы отбасыларды мемлекеттік қолдау шаралары мүлдем қарастырылмаған. Әлдекім өмір бойы үй-күйсіз өтуі мүмкін. Әрине, «бес саусақ бірдей емес». Әркімнің өз тағдыры бар. Ал біздің ел, Елбасы айқындап бергендей, әлеуметтік сипаттағы мемлекет. Ел болған соң, кейбір мәселелерде күнделікті күйбең тірлікпен кенже қалып жататынымыз жоқ емес. Бірақ, ең бастысы, біз ел мұқтажын шешуге, оның қажетін бірлесе отырып, оңтайлы қанағаттандыруға дайынбыз. Бұл ретте, әлеуметтік масылдыққа ұмтылу – құпталатын, кімнің де болсын тарапынан қолдау табатын шаруа емес. Кеше менімен кездескен бірқатар көпбалалы аналар да мемлекетке масылдық болмау қажеттігін айтты. Әрбір жанұя құратын адам өзінің мүмкіндігі мен қабілетіне сүйенуі, азамат ретіндегі жауапкершілігін сезінуі қажет. Бүгінде кім болса да өз баласының болашағы үшін табыс деңгейін арттыру мақсатында оқып, мамандық алып, адал еңбек ете алады. «Өзіңе ғана сен, тек ақылың мен еңбегің алып шығатын» деп Ұлы Абай айтпақшы, әрбір адам ең алдымен өзіне сенуі тиіс. Бұл - ізденсе, талпынса қол жеткізуге болатын жағдай. Тұрмысы жақсы адамдардың мейлінше көбірек болуы біздің ортақ міндетіміз. Олар бизнес ашса жұмыс орындарын құрады, салық төлейді. Осының арқасында мемлекет зейнетақы, жәрдемақы, дәрігерлер мен мұғалімдерге еңбекақы төлей алады. Әлеуметтік саясат тек осындай принциптерден құралады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей: «Қазір – ынтымақтасу мен іскерлік кезеңі. Адамдардың өмірін жақсартуға бағытталған шағын қадамдың өзі даңғаза ұраншылдық пен үдере үндеушіліктен әлдеқайда маңызды». Осыған сәйкес, біз шынымен алаңдаушылық танытып, нақты іске, өзара түсіністікке ниет білдірген азаматтармен бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз. Алайда, босқа байбалам жасап, жұртты билікке қарсы айдап салып, жағдайды ушықтырғысы келетін алаяқ адамдар да бар. Олар азаматтардың тұрмыстық қиындықтарын, сенімін пайдалана отырып, өзінің жеке мәселелерін шешкісі, кем дегенде интернетте танымалдығын арттырғысы келеді. Дәлел ретінде Наурызбай ауданында 150 гектардағы 61 жер телімін заңсыз сатқан Мадина Даданованың ісін еске түсірсек жеткілікті. Ол қарапайым халықтан алаяқтықпен миллиондаған ақша жинаған. Олардың арасында көп балалы аналар да бар. Қаншама айқай, шу болды, билік кәсіпкерге күн бермей жатыр, қарапайым халықтың жерін тартып алып жатыр деген сияқты. Аяғында ол азаматша алаяқтығы үшін 6,5 жылға сотталып тынды. Көп балалы отбасылардың жағдайына шын жанашыр жандар бар. Олармен біз жұмыс істейміз. Сонымен қатар, мәселені өз пайдасына шешкісі келетіндер де жетерлік. Ал олардың арасында бұрын алаяқтық, жала жабу және айдап салу секілді қылмыстары үшін сотталғандар да бар. Құқық қорғау органдары олармен заң бойынша жұмыс жасайтын болады. «Атың шықпаса жер өрте» дегендей, популистік ұрандарды жамылып, арзан беделге ие болғысы келетіндердің мақсаты біреу ғана – жеңіл ақша табу! Сондықтан да, екі ортада делдалдықпен айналысып, сан соқтырып кететін алаяқтарға емес, мәселені заң жүзінде қарайтын қабылдау бөлімдеріне, Open Almatyға, әлгінде атап өткен арнайы құрылған қорға, оның Қадағалау кеңесінің мүшелеріне жүгінуге шақырамын. Құрметті алматылықтар! Осындай қолдау шараларымен қатар, кірістің өсімі мен деңгейіне қарамастан тұрғындардың бюджетіне салмақ түсірмеу үшін қала әлеуметтік маңызы бар салаларды субсидиялауға дайын. Өздеріңіз білетіндей, отынның, қосалқы бөлшектердің қымбаттағанына, еңбекақының артқанына, жаңа автобустардың сатып алынғанына қарамастан, қоғамдық көліктердің тарифі осымен жеті жыл бойы өзгермей келеді. Іс жүзінде қоғамдық көліктің барлық жолаушылары жолақысын өзіндік құнынан әлдеқайда аз төлейді. Айырмашылығын әкімдік субсидиялайды. Санап қарасақ, бұл күніне бір миллионнан астам транзакция. Бұдан басқа қосымша жеңілдіктер де қарастырылған. Мысалы, оқушылар, студенттер, 75 жасқа дейінгі зейнеткерлер мен көп балалы аналар қоғамдық көліктің барлық түрінде 50%-тік жеңілдікті пайдаланып 40 теңгеге жүреді. Бұл жалпы алғанда жылына 400 мыңдай адам және шамамен 8 млрд-тан астам теңге. Жалпы, жыл сайын түрлі әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақыны өтеуге тең жыртысы әлеуметтік шығын болып табылатын қала бюджетінің жыл сайын 76 млрд.-тан астамы жұмсалады, ал осы «Бақытты отбасыны» қоссақ 80 млрд. теңгеден аспақ. Жыл басынан бері Елбасының тапсырмасы бойынша коммуналдық қызметтердің тарифі төмендетілді. Жылу – 18%-ға, газ – 16%-ға, су мен қоқысты шығару – 10%-ға, лифт қызметі – 8,5%-ға, КСК қызметі – 6%-ға төмендеді. Жылумен қамтамасыз етуде тариф пен тұрғындардың сатып алатын бағасы айырмашылығын субсидиялауға жақын арада қала резервінен 1,6 млрд. теңге бөлінеді. Бұдан басқа, бюджет есебінен үш жылда екі мың километрден астам инженерлік желі жүргізіліп, жөнделді. Ол үшін 126,7 млрд. теңге бөлінді. 2,3 мың су есептеу құралдары орнатылды. Тұрғындар мүддесі үшін дер кезінде тиісті шаралар қабылдаудың арқасында осындай шығындар тарифтің өсуіне әсер еткен жоқ. Нәтижесінде 260 мыңнан астам адам сенімді түрде коммуналдық қызметпен қамтылып отыр. Оның ішінде 60%-ті Наурызбай және Алатау аудандарында. Коммуналдық сектор нысандарын салу және қайта жаңғырту кезінде 12 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Осылардың барлығы біздің азаматтарымызға, аналарымызға арналған. Қадірлі қауым! Бәріміз анадан тудық. «Жұмақ – анаңның аяғының астында» дейтін халықтың баласымыз. Бәріміз де бала асырап отырмыз, жақсы күн мен жарқын болашаққа үміт артамыз! Сондықтан, кім не десе де өз аналарымыздың проблемаларын өзіміз ғана ақылдаса отырып шешеміз. Шетелден әлдебір ағатай келіп шешіп бермейді бізге! «Жанайқайға айтақ қосатын» көлденең білгіштерге айтатынымыз сол. Қазақтың елдігі, келешегі бәрімізге ортақ, ұрпағымызға керек. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарсақ, алқаласақ, біз алмайтын қамал жоқ.

Қазақстан Республикасының Президенттің ресми сайты

777 2

Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Туы

Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Елтаңбасы

Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Гимні

Получить кредит нaличными без зaлогa Buy tramadol online
Buy xanax online