Оңтүстік астанада «Алматының жыл мұғалімі» конкурсы бастау алды

«Алматының жыл мұғалімі» конкурсына 5 жылдан аса үзіліссіз еңбек өтілі бар орта білім беру ұйымдарының мұғалімдері қатысуда. Міндетті шарт – конкурсқа қатысушы мұғалім өзін ұсынған мектепте кемінде 3 жыл жұмыс өтілі болуы қажет.
Конкурс үш кезеңде өткізіледі: мектепішілік, аудандық және қалалық. «Алматының жыл мұғалімі» конкурсының жеңімпазы конкурстық комиссияның бағалауы және қоғамдық пікірдің қосындысы арқылы (республикалық телеканалда көрермендердің берген дауыстары) анықталады.
Конкурстың мектепішілік кезеңінде 205 мектепте 709 мұғалім қатысты. Екінші кезеңге әрбір мектеп 2 жеңімпаздан ұсынды. Екінші кезеңге қатысқан мұғалімдердің саны 410 болды. Қалалық кезеңге әрбір аудан үздік 5 мұғалімнен ұсынады. Сонымен, Алматының үздік жыл мұғалімі атағына мегаполистің 8 ауданынан 40 үміткер мұғалім қатысады.
Конкурстық комиссия педагогикалық, психологиялық және әдістемелік саланың ғалымдарынан, республикалық «Үздік педагог» конкурстарының жеңімпаздарынан, ардагер-ұстаздардан, жаңашыл-педагогтер, әдіскерлерден және қоғамдық ұйымдардың өкілдерінен құрылды.
Конкурстың Гран-При иегеріне «Алматының жыл мұғалімі» атағы беріледі. Жүлделі орындарға ие болған Конкурс қатысушыларына диплом, құнды сыйлықтар беріледі және біржолғы ақшалай сыйақы төлемдері  төленеді: Гран-При – бір бөлмелі пәтер, І орын – автомобиль, ІІ орын – 2,5 млн теңге, ІІІ орын – 1 млн теңге. Конкурстың жеңімпаздары жыл сайынғы «Мұғалімдер күні» мерекесінің салтанатында марапатталады. Қосымша, конкрстың Гран-При иегері бір жылға білім беру саласы бойынша Алматы қаласы әкімінің кеңесшісі қызметіне, конкурстың жүлдегерлері білім беру ұйымдарының басшылығы резервіне ұсынылады.
Алматы қаласының Білім басқармасы қаланың әкімі Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаевтың тапсыруымен және қолдауымен орта білім беру ұйымдарының мұғалімдеріне «Алматының жыл мұғалімі» атағын беру үшін конкурс өткізіп отыр. Бұл конкурс қоғамда педагог мәртебесін көтеруге, кәсіби және әлеуметтік келбетін қалыптастыруға, талантты мұғалімдерді анықтау, оларға қолдау көрсету мен марапаттауға, педагогикалық шығармашылыққа ынталандыруға бағытталған.
Конкурстың негізгі міндеттері: мұғалімдердің  шығармашылық мүмкіндіктерін ашуға, педагогтік шеберлігін танытуына жағдай туғызу; жас ұрпақтың бойында ұлттық рухани кодтың қалыптасуын, ұлттық бірегейліктің сақталуын қамтамасыз ететін тәрбиелік әлеуеті жоғары педагогикалық тәжірибені зерделеу; оқушының санасы айқын, бәсекеге қабілетті тұлғасын  қалыптастыратын инновациялық тәжірибені анықтау; оқушы бойында сындарлы ойды, функционалдық сауаттылықты қалыптастыратын озық тәжірибені насихаттау; бәсекеге қабілетті, тәжірибелі және табысты мұғалім мәртебесін көтеру.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған